Барлық жаңалықтар

AIEL ADAM: KazakhYuvelir сыйлығы жеңімпазының әңгімесі

10.10.2026
AIEL ADAM: KazakhYuvelir сыйлығы жеңімпазының әңгімесі

Әжелеріміздің ұршығы зергерлік өнер сөресіне шығатыны сирек. Бірақ енді шықты. Музей экспонаты емес, зергерлік өнер туындысы болып шықты.

KazakhYuvelir жаңа есімдерді танытып келеді

Зергерлер индустриясын дамытуды мақсат етіп, KazakhYuvelir компаниясы 2020 жылы зергерлік дизайн саласындағы сыйлығын тағайындаған. Бүгінде сыйлық жаңа есімдерді қолдап, жаңа шешімдер іздеуге арналған платформаға айналып отыр.

KazakhYuvelir сыйлығының мақсаты мен міндеті:

  1. Мәдениетті сақтап, келер ұрпаққа жеткізу.
  2. Шеберлер мен дизайнерлерге жаңа үн, жаңа рең іздеуде сеп болу.
  3. Зергерлік өнерді ұлт болмысының тілі деп танитындарды табу.

Қазір сыйлық дарынды суретшілерге өнерін танытып, беделді кәсіпқой мамандардан лайық бағасын алуға мүмкіндік беріп отыр.

Жансая Тілеуберді: жеңіске жеткізген жол

Жансая Тілеуберді — көпсалалы өнер иесі, суретші әрі KazakhYuvelir сыйлығының 2025 жылғы жеңімпазы.

«Өмірімде шығармашылықтың, соның ішінде зергерлік өнердің орны ерекше екенін бала кезімнен түсінетінмін. Ол өміріме еніп, сіңіп кеткен. Кейде бұйымдарға қызығып қарай берген соң анам еркелетіп „сауысқан“ дейтін», — дейді Жансая зергер ісіне деген махаббаты қалай туған еске алып.

Сыйлық байқауына қатысуға Жансая идеяларының бірін жолдап, оны әйелдерге арнайды. Концепцияның өзегі — әженің ұршығы болып шықты.

Нышандар мен мәндер

Жансая топтаманың атауына ерекше мән дарытады. Оның концепциясында әйел дүниенің діңгегіне айналады: ұлт құндылықтары әйелдің қолынан өтіп, ұрпаққа жетеді, әйел-ананың алақаны болмаса, мәдени кодтың сақталуы екіталай болар еді.

Топтаманы жасауға шабыт берген — әйелдің қолынан шыққан бұйымдар, ең алдымен киіз басқан білектің көрінісі болса керек. Жансая мұны тарихқа сабақтастырады: ежелден қазақ әйелі киіз басып, киім тіккен.

«Киіз басқаннан шабыт аламын», — дейді өзі.

Эскизді жасау кезінде оның басты идеяларының бірі — сол материалға жаңа мән дарыту болған.

Эскиздің орталық бейнесі әжелеріміз бен аналарымыздың қолында шыр айналған ұршық болды. Ұршыққа оралған шынжыр — жіп нышаны болса, оның әр буыны — адал еңбектің нышаны. Жіптің өзі «инеге» оралып, оны құс ұясы іспетті бөлеп алады.

Ұршықтың басы аспан мен жердің шегіндей шаңыраққа ұқсайды, ал одан өтетін жіп автор өзі «тіршілік аралы» деп ат қойған ұядай кеңістікке айналады.

«Нәтижесін тез-ақ көрдім»: зауыттағы жұмыстың жұрт көрмейтін тұсы

Автор эскизін бұйымға айналдыру жолында KazakhYuvelir зергерлік үйінің шеберлерімен етене жақын жұмыс істеді.

«Ең алдымен, идеяның өзі тез-ақ іске асып кеткенін айтсам деймін: суретін салғаным осы-ақ еді, көп ұзамай нәтижесін көрдім», — дейді Жансая.

Тағы бір маңызды сәт — KazakhYuvelir бас дизайнері Жанат Темірханмен бірлесе жұмыс істегені, бірігіп идеяны жетілдіріп, дамытқаны.

Арманның іске асқаны

Содан кейін эскиз Алматыдағы KazakhYuvelir зауытына жол тартып, шеберлер автордың идеясынан айнымай, оны алтынға салып, дайын бұйымға айналдырды. Ортақ туынды — AIEL ADAM топтамасы осылай дүниеге келді.

Жансая бір кездері қиялында ғана жүрген сол бұйымдарды қыз-келіншектер тағып жүргенін көрсем деп армандайды.

Сыйлыққа қатысушылардың байқауға жолдаған жұмыстарын «Алмаз» салонынан көріп, танысуға болады. Экспозиция қазан бойы ашық тұрады.

Мекенжайы: Алматы қ., Гоголь к., 77/85.