KazakhYuvelir — 85 жаста!

Еліміздің тұңғыш зергерлік үйінің тарихы
1990 жылдардың басында экономикалық тірегінен айырылған кәсіпорынды елестетіп көріңізші. Тауар келмей қалған, айналымдағы қаражат таусылған, сөйте тұра күнде таңертең дүкеннің есігін айқара ашу керек. Құрдымға кетпеу, қызметкерлерге жалақы төлеп отыру үшін басшылық батыл қадамдарға барады: сатуға келеді-ау деген нәрсенің бәрін — тіпті шетелден алдырған тоқыма бұйымдар мен «Берёзка» жүйесінің жабылған дүкендерінен қалған тауарларды да сата бастайды.
Сол бір қиын-қыстау кезеңнен аман өткен компания бүгінде 85 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Осы 85 жылдың тасасында талай жылғы жемісті еңбек, жүздеген адамның тағдыры, елдің зергерлік мұрасын сақтап қалу жолындағы тұтас бір дәуірдің күресі жатыр. Мерейтой қарсаңында компанияның жаңа тарихының бастауында тұрған бас акционер Дабыр Инкербаев пен коммерциялық директор Жәнібек Нұрпейісов бас қосып, ашық әңгімелесті. Сұхбатты толықтай YouTube-арнамыздан көруге болады:
90-жылдардағы бетбұрыс және абыройдың құны
Үйреншікті жүйе күйреп, Казювелирторгтың ауқымды сауда желісіндегі 38 дүкеннің он алтысын ғана сақтап қалуға мүмкіндік болған тұста кәсіпорынның арқа сүйер тірегі ғимараттары да, қолда қалған шикізаты да емес, адамдары мен жұрт сеніміне ие болған аты ғана еді.
«Ол кезде Казювелирторг желісінде 38 дүкен болатын. Жекешелендіру басталып кеткен. Бүкіл құрылымды сақтап қалуға қаражатымыз жетпеді, — деп еске алады Дабыр Қамысбайұлы. — Ең есімде қалғаны — қызметкерлердің қолдауы. Көп болып жұмылып жүріп 16 дүкенді сақтап қала алдық».
Тапшылық жағадан алғанда, басшылық жеке таныстыққа, бұрыннан қалыптасқан байланыстар мен серіктестерінің қалтқысыз сеніміне ғана иек арта алды. Ленинградтағы «Русские самоцветы» жетіспеген тауардың орнын толтыруға көмектессе, Канададағы жеткізушілер асыл тастардың ақысын сатылғаннан кейін алуға келісіп, бір ауыз сөзге сеніп тауар беріп отырған.
«Өз басым сапаға нұқсан, атымызға деген сенімге селкеу түсірмеуді маңызды деп білдім, — дейді Дабыр Қамысбайұлы. — Сатып алушы төлеген ақшасына лайық бұйым алғанына сенімді болуы керек. Алайда клиенттердің сеніміне ғана арқа сүйеп отыра алмайсың. Ең қиын-қыстау кезеңде бізге қызметкерлеріміз де, шикізат жеткізушілер де сенді. Компанияның жұмысы жалғасуына осы сенімнің арқасында қол жетті».

Ұрпақтар сабақтастығы және отбасы естеліктері
Арада ондаған жыл өткенде KazakhYuvelir салондары жай ғана сауда орны болудан әлдеқашан асып кетті. Қазір Қазақстанда KazakhYuvelir бұйымдарымен байланысты бір естелігі жоқ отбасын табу қиын шығар.
«Осы жылдар ішінде компанияның тарихы қаншама отбасының тарихымен қатар өріліп келеді, — дейді Жәнібек. — Біреулер ата-анам неке жүзігін осы жерден алған дейді, енді біреуге анасы әшекей сыйлаған, тағы біреуге әжесінен асыл бұйым мұра болып қалған».
Осы сабақтастық компанияның қазіргі басшыларына да темірқазық болып отыр. Өткеннен жеткен мұраға деген құрмет асыл бұйымды мәртебе белгісі деп қана білмей, оның терең мәні мен дизайнына да көңіл бөлетін жас ұрпақпен үнемі үн қатысып отыруды талап етеді.
Жүзжылдыққа беталыс
Он бес жылдан кейін жүз жылдық мерейтойын атап өтетін компания енді Қазақстан нарығынан тысқары шығуды да көздеп отыр.
«Қазақстандық бренд болу деген — ұлттық ою-өрнекті қолдана беру емес, өз мәдениетіңді тану, түсіну, соны бүгінгі заманның тіліне салып жеткізе білу өнері, — дейді Жәнібек. — Дубай болсын, Париж не Нью-Йорк болсын, біздің бұйымдарды көрген адам әдемі бір ерекше әшекей екен деп қана қоймай, соған қарап біздің мәдениетімізді таныса деймін».
Компанияның жүріп өткен жолына көз тастаған коммерциялық директор әңгімені мәнді бір оймен түйіндеді:
«Сіздер компанияны басына күн туып тұрған кезде аман алып қала алдыңыздар, ал бізге оны ары қарай дамытып әкететін орай бұйырды. Жүз жылдығына қарай компания күшейе түсіп, оның атына деген сенімге тарыдай селкеу түспесе, демек, сіздерден алған аманатқа адал болғанымыз деп білеміз».